Ақмола облысында көмір бағасы қандай
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Жылыту маусымына дайындық аясында Ақмола облысы орталығына 112 мың тонна көмір жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облысты көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Ақмола облысының тұрғындарына 56 пунктте көмір сатылады. Жеткізу көлемін ұлғайту мақсатында өңірлік операторлар тізбесіне 16 өңірден 64 жеткізіп беруші енгізілген.
Көмірдің орташа бағасы тоннасына 15 850 теңгені құрайды. Құны өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға қымбаттаған. Мұны көмір өндіретін орындарда қатты отын бағасының артуымен және теміржол тарифтерінің өсуімен байланыстырып отыр.
«Басқарма тұрғындардың және коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірді алдын ала сатып алуы бойынша медиа-жоспар әзірлеп, бекітті. Тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге жылумен жабдықтау объектілерін техникалық тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша жөндеуді қажет ететін учаскелер айқындалатын болады, олар алдағы бірнеше жылға арналған перспективамен кезең-кезеңімен бөлінетін болады», - деді басқарманың басшысы.
Данияр Қуанышбаев атап өткендей, алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарланған іс-шараларға сәйкес және белгіленген мерзімде аяқталады. Сондай-ақ ведомство ақмолалықтарды көмірмен қамту мәселесін үнемі бақылауда ұстамақ.
ҚазАқпарат тілшісі облыс орталығындағы көмір сатумен айналысатын компанияларға хабарласып, бағаны сұрап білді. Отынды жеткізіп берушілердің мәліметінше, қазір көмір құны тоннасына 12,5 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін құбылып тұр. Баға маркасы мен жеткізу қашықтығына байланысты өзгереді.
Атап айтқанда, Екібастұз көмірінің тоннасын 12,5-14 мың теңгеге, Шұбаркөл көмірін – 16,7 - 20 мың теңгеге, Қаражар көмірін – 16,5 - 20 мың теңгеге, Майкүбі көмірін 15 - 18 мың теңгеге сатып алуға болады.