Ақмола облысында құрылыс материалдарын шығаратын жаңа зауыт жұмысын бастады

Компания басшыларының айтуынша, бірлестік жер қойнауын барлап, тексеру жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін қойнаудағы тас пен құмды пайдалануға жергілікті билік өкілдерінің рұқсатын алған. Мұнан кейін кәсіпкерлер несиеге қаражат алып, майдалау және сұрыптау қондырғысы сатып алынған. Түркияда жасалған қондырғының құны 436,4 миллион теңге.
Кәсіпорын жұмысшылары мәлімдегендей, бір ғана қондырғы сағатына 200 тонна қиыршық тас өндіріп шығарады екен. Ал, дайын өнім автомобиль жолдарын, тұрғын үйлерді және өзге де құрылыс нысандарын салған кезде пайдаланылады. Шағын зауыт жұмысын ағымдағы жылдың қазан айында бастаса да, сатып алушылар цех басында кезекте тұрады дейді компания басшылары.
«Зауытты іске қосу арқылы жаңадан 28 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта жұмысшыларымыздың санын 50 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, жыл соңына дейін зауыт 50 мың тонна қиыршық тас шығаруы тиіс, алға қойған мақсатымыз осы. Келер жылдан бастап құрылыс кірпішінің өндірісін жолға қоюды көздеп отырмыз. Дайын өнімдерді негізінен Астанаға апарып сатпақпыз, өйткені, құрылыстың дені елордада жүріп жатыр. Оның үстіне, Астананың дамуына осылайша өз үлесімізді қосқымыз келеді», - дейді "Есіл Стоун» ЖШС жетекшілері.
Айта кету керек, компания басшылары үшін бұл құрылыс саласындағы алғашқы жобалары емес. Бұған дейін олар еліміздің өзге өңірлерінен бетон және асфальт шығаратын зауыттар ашып, аталған кәсіпорындар бүгінде жұмысын жалғастыруда дейді Ақмола облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Меруерт Палмаханова.
Ақмола облыстық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасындағылардың айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында барлығы 51 мыңнан астам шағын және орта бизнестің өкілдері бар. Аталған сала обылстағы жұмысқа жарамды әрбір үшінші адамды жұмыспен қамтып отыр. «Олардың еңбек белсенділігін әрі қарай дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында барлығы 8 млрд теңгеге 124 жоба мақұлданды. Осы өндірістік жобаларды жүзеге асуы үшін Ұлтық қордан 1,6 миллиард теңге бөлінген», - дейді басқарма өкілдері.
Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 712 милион теңге микронесие бөлінген. Бұл қаражат ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталмақ.