Ақмола облысында қылмыс саны 36 пайызға азайды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қылмыс саны 36 пайызға азайып отыр. Бұл туралы қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету бағытындағы Ақмола облыстық полиция департаментінің 2020 жылғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы мәжілісте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Санитарлық нормаларды сақтай отырып, ұйымдастырылған іс-шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының прокуроры аға әділет кеңесшісі Айдос Майлыбаев, Ақмола облыстық Полиция департаментнің бастығы генерал-майор Арманбек Баймурзин мен оның орынбасарлары, қалалық басқармалар және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кеңесте Департамент бастығы генерал-майор Арманбек Баймурзин Президент пен ішкі істер министрінің ІІМ алқа отырысында айтылған тапсырмаларын барлық бөлімшелердің басшыларына жеткізді.

Ведомство басшысы 2020 жыл Ақмола облысының полициясы үшін ауыр және өте жауапты болғанына қарамастан, пандемия жағдайында қылмыстық құқық бұзушылықтарды жалпы тіркеуді азайту бойынша оң динамика байқалатынын, полиция қызметкерлері ауа райының қиын жағдайларында тәулік бойы қызмет етуге, «төтенше жағдай» кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін ұйымдастыруға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тура келгенін атап өтті. Шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде жедел жағдайды бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Қылмыстарды тіркеу - 36, қарақшылық, бұзақылық, ұрлық, бопсалау және тонауды тіркеу 30 пайызға төмендеп отыр. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар санының азаюы байқалады, «жасөспірімдер» және «көше» қылмыстары, «қоғамдық орындарда» жасалған қылмыстар саны кеміген.

«Бұдан басқа аса ауыр қылмыс түрлерін, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, мал ұрлау және бұзақылық түрлерін ашу жақсарды. Тәжірибе көрсеткендей, құқық бұзушылықтың алдын алуда жанданған учаскелерде орнатылған 8 стационарлық полиция бекеттері жоғары тиімділікті көрсетті. Бөтеннің мүлкін ұрлаудың үлес салмағын төмендетуге қол жеткізілді, оның ішінде Целиноград, Егіндікөл және Жақсы аудандарының аумағында мал ұрлауға мамандандырылған 5 қылмыстық топ ұсталды», - деді Арманбек Баймурзин.
2020 жылдың қорытындысы бойынша есірткінің заңсыз айналымына байланысты 236 қылмыс анықталды, жалпы салмағы 15 кг-нан асатын «гашиш» жеткізудің екі арнасы жойылды және синтетикалық есірткі құралдарын заңсыз өткізгені үшін қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолы кесілді. Учаскелік полиция инспекторлары қызметін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі де маңызды болып қалуда. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүктелген учаскелік міндеттерді тиімді орындау үшін барлық жағдай жасалуда.
«2020 жылы 2 жаңа УПП ашылды (Көкшетау қ. №4, №1), 9 аудандағы 39 тірек пункті жөнделді. «Автоураган» 10 стационарлық кешенінің көмегімен 4 айда 44 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерінің бұзылғандығы анықталды. Нәтижесінде жалған мемлекеттік нөмірлері бар 104 автокөлік ұсталып, оның 42-сі арнайы тұраққа қойылды. Сондай-ақ, 8 автокөлікті қылмысқа күдіктілердің мініп жүргені анықталды», - дей келе, Арманбек Баймурзин департамент тарапынан орын алған кемшіліктерді жою, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қылмысқа қарсы күрес және облыс аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы нұсқауларын іске асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті.
Шара соңында Ақмола облысы бойынша «Динамо» дене шынықтыру және спорт ұйымының 95 жылдығына орай ҚР ІІМ полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың атынан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев медальмен марапатталды.
Сонымен бірге, жедел-қызметтік іс-әрекетте және қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалған ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстарды ашуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, көзге түскен полиция қызметкерлері өңір басшысының Алғыс хатымен марапатталды.