Ақмола облысында қылмыстық-атқару жүйесінің төрт қызметкері жазаға тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Жарқайың аудандық соты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану мен азаптау жасағаны үшін айыпталған қылмыстық-атқару жүйесінің төрт қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қарады, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

«Сот анықтағандай М.Байгулунов, М.Паизов, А.Сафинов және С.Седукин қылмыстық атқару жүйесінің лауазымдық тұлғалары бола тұра, азамат пен адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің мүддесіне қарсы бірнеше қасақана қылмыстар жасаған. Атап айтқанда: азаптау, оның ішінде мекеме ішіндегі сотталғандарға қасақана түрде тән зардабын және (немесе) психикалық зардап келтірген, бірнеше тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы азапталушылардың жасаған әрекеті үшін, оған және басқа да тұлғаларды қорқыту мақсатында жазалап, абайсызда адам өліміне әкеп соққан және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған.

Сот үкімімен М.Байгулунов және А.Сафинов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабының 3-бөлігімен («Азаптаулар») жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танылып, оларды 8 жылға бас бостандығынан айырумен 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымдарды иелену құқығынан айырумен жазаларын жалпы режимдегі түзету колониясында өтеу жазасы тағайындалды.

М.Паизов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабының 3-бөлігімен («Азаптаулар»), 361-бабының 2-бөлігімен («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») жасаған қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, оған жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша 8 жыл 6 ай мерзімге мүлкін тәркілеумен бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сонымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.

С.Седукин Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 2-бөлігімен («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танылып, оған 2 000 айлық есептік көрсеткіш 4 242 000 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, қылмыстық жолмен алынған мүлкі тәркіленді, сонымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 49-бабының 1-бөлігімен барлық төрт сотталушылар арнайы атақтарынан айырылды.

Жәбірленуші тараптың материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Жәбірленушінің анасына азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен келтірілген материалдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық талап-арызын қанағаттандыру құқығы расталды.

М.Байгулунов, А.Сафинов, М.Паизовтан жәбірленушінің пайдасына 1 500 000 теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.

Жәбірленушінің жұбайының пайдасына моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап-арыз ішінара қанағаттандырылды. М.Байгулунов, А.Сафинов және М.Паизовтан келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін 1 500000 теңге өндіріп алынды.

Жеке сот қаулысымен Қазақстан Республикасының Бас прокурорына және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министріне мекемедегі сотталғандарды ұстау жағдайында өрескел бұзушылықтар мен қадағалаудың жоқтығы туралы, сонымен қатар алдағы уақытта бұзушылықтарды болдырмау үшін шараларды қабылдау жөнінде хабардар етілді», деп көрсетілген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар
telegram