Ақмола облысында Қырғызстанның автобусы жол апатына ұшырады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Есіл ауданында Қырғызстан азаматы тізгіндеген автобустың жол апатына ұшырауына байланысты тексеріс жүргізілуде. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицейлердің дерегі бойынша ағымдағы жылдың 18-ші шілдесінде Есіл аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне «Есіл-Сұрған-Әулиекөл» тас жолының бойында жолаушылар автобусының жол апатына ұшырағаны туралы телефон арқылы жедел ақпарат түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер 29 жастағы Қырғызстан республикасының азаматы тізгіндеген «Сиетро» автобусы Бішкектен ресейдің Пермь қаласына бара жатқанын анықтады.
«Есіл-Сұрған-Әулиекөл» тас жолының 252 шақырымында автобус жолдан тайып, орға жығылған. Сол кезде көлік ішінде жүргізуші мен 55 жолаушы отырған.
Жол апатының салдарынан 42 жастағы Тәжікстан азаматы түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде, аталған оқиғаға байланысты тексеріс жүргізілуде.