Ақмола облысында мамыр мерекелерінде 5 мыңнан астам іс-шара өтеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушы күні және Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу аясында 5000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Басқарма басшысының айтуынша, биыл Бірлік күнін мерекелеу қазақстандықтардың Әділетті Қазақстанның құндылықтарының айналасында бірлесуі және топтасуы ұранымен өтеді.

Мерекелік іс-шаралардың идеялық мазмұны өзара сенім мен азаматтық теңдік қағидаттары, барша қазақстандықтардың бір-біріне ізгі ниеті, әр азаматтың ел тағдырына жауапкершілігін сезінуі негізінде қазақстандық бірлікті дамыту, өркендеген мемлекетті жүйелі түрлендіру және бірлесіп құру тұжырымдамаларына негізделген.

«Мерекелік шаралар әділетті мемлекеттілікті бірлесіп нығайтуға бағытталған қоғамның азаматтық-патриоттық топтасуын паш етуге, қоғамның қазақстандықтарды біртұтас ұлтқа біріктіру жөніндегі сындарлы бастамаларын ынталандыруға, «Әралуандықтағы бірлік» әмбебап қағидаты негізінде Қазақстан халқының мәдени саналуандығын қолдау және көтермелеуге, сондай-ақ, қайырымдылық, ынтымақтастық және тату көршілікті дәріптеуге бағытталып отыр. Оның жоспарын дайындауға және өткізуге үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени, жастар бірлестіктерінің өкілдері атсалысты», - деді Алмас Алин.


Осы ретте өңірде бірлік күніне арналған іс-шаралар 24 сәуірден бастау алады.

Облыстың барлық мектептері мен колледждерінде «Достық күнін» және «Бірлік сабақтарын» өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы «Бір шаңырақ астында» тақырыбында түрлі акциялар, роликтер мен челлендждер өткізу қарастырылған.

28 сәуірде «Болашақ сарайы» Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары өкілдерінің қатысуымен салтанатты кездесу өтеді.

29 сәуірде «Тәуелсіздік» алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Сондай-ақ, облыстың барлық өңірлерінде мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, саябақтарда Әлеуметтік және қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастыру көзделген.

Негізгі іс-шара 1 мамыр күні Көкшетау қаласының жағажай аумағында өтеді.

Бұл күні сағат 13:00-16:00 аралығында облыс өңірлерінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Бір шаңырақ астында» және Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен «Достық дәмі» облыстық фестивальдері өтеді.

Бұдан бөлек, 17 шатыр тігіліп, онда қала тұрғындары мен қонақтары үшін Қазақстан халқының ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен тағамдарының, тағы 3 шатырда тақырыптық мазмұндағы сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмелері ұсынылады.

Ал мерекелік шара кешкі сағат 18:00 облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жастарға арналған ойын-сауық бағдарламасына жалғасады.


Басқарма басшасы атап өткендей, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеу әскери дәстүрлердің сабақтастығымен, мемлекеттің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға және насихаттауға бағытталған.

«Дәстүр бойынша, бұл күндері Қазақстан Әскерінің беделін арттыруға, қатардағы қазақстандықтардың рухы мен патриоттық сезімін нығайтуға, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарындағы қызметтің имиджін арттыруға ықпал ететін қоғамдық маңызы бар іс-шаралар, әскери байқаулар, мерекелік концерттер, патриоттық акцияларды өткізу жоспарланған. Отан қорғаушылар мен Жеңіс күнін мерекелеудің бірыңғай меркелік атрибуты қоғамда кең қолдауға ие болған мемлекеттік Ту түсіндегі патриоттық «Жеңіс лентасы» болып табылады. Биыл біздің қаһарман батырларымызды еске алуға арналған «Ер есімі – ел есінде» атты онлайн акциясы осы мақсатта арнайы құрылған платформада өткізілетін болады. Бұл қазақстандық батырлар туралы барлық ақпаратты жинақтауға мүмкіндік береді», - деп толықтырды Алмас Алин.

Сонымен қатар, 9 мамыр күні майдангер батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері барлық жерде өтеді. Көкшетауда Мәңгілік алау және Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі.

«Өңіріміздің елді мекендерін мерекелік безендіру мақсатында 150-ден астам тақырыптық баннерлер орнату жоспарланған. Облыста Қазақстан халқының бірлігі күнін, Отан қорғаушылар мен Жеңіс күндерін мерекелеуге арналған негізгі оқиғалар мен маңызды іс-шараларды ақпараттық жариялау бойынша медиа-жоспар бекітілді. Жалпы, облыс бойынша Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу аясында 5000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған», - деп түйіндеді Алмас Алин.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында Наурыз мейрамы аясында 1 мыңнан астам іс-шара өтетінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар