Ақмола облысында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды

«Жаңа оқу жылының қарсаңында облыс орталығының тұрғындары қаламсап мен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін қажетті мектеп құралдарын қолжетімді бағаға сатып алды», - делінген хабарламада.
Тауарлар бағасы нарықтағыдан 10-15 пайыз арзан болғанын атап өткен жөн.
«Бүгін мен немереммен бірге мектеп жәрмеңкесінде болдым. Сатушылар сыпайы, баға тиімді, біз зейнеткерміз ғой, сондықтан бұл біздің бюджетіміз үшін үлкен рөл атқарады», - деп атап өтті Көкшетау қаласының тұрғыны Р.Әбдірова.
Шараға Көкшетау қаласының 15-тен астам кәсіпкері қатысты. Бұл бастаманы департаменттер мен басқармалардың басшылары да қолдады. Жәрмеңке барысында материалдық қолдауға мұқтаж отбасыларынан шыққан 30-дан астам балаға сыйлықтар берілді.
Мектеп жәрмеңкесі студенттер мен оқушылар күшімен ұйымдастырылған концертке ұласты.
Еске сала кетейік, Көкшетауда мектеп жәрмеңкесі жыл сайын «Мектепке жол» республикалық акциясының ауқымында өткізіліп келеді.