Ақмола облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Келімсек-2019» жедел шарасы барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды

Ведомствоның мәліметінше, облыс аумағында шілденің 16-17 аралығында «Келімсек-2019» жедел алдын алу шарасы жүргізілді. Оған облыстық ПД жеке құрамынан 300 қызметкер жұмылдырылды. Аталған шара облыс аумағында тұрып жатқан, сондай-ақ, жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары тарапынан көші-қон заңнамаларын бұзғанын анықтау мақсатында қолға алынып отыр. Екі күн бойы жүргізілген жедел-алдын алу шарасы кезінде көші-қон полициясының қызметкерлері ҚР көші-қон заңнамасының бұзылуына қатысты 150 әкімшілік хаттама толтырды.

«Нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы 16 шілдеде тәртіп сақшылары Ресей Федерациясының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Ресейдің ҚК-нің 158-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін Татарстан Республикасының Жазаны орындау федеральды қызмет басқармасы тарапынан іздеуде болған.

Сонымен қатар, шара барысында полиция ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыс жасап, іздеуде жүрген 46 жастағы қылмыскер және сот белгілеген мерзімде елден шығу туралы Қазақстан сотының шешімін орындамаған өзбекстандықты ұстады», дейді ведомстводан.

Бұдан бөлек, облыста ҚР Көші-қон заңнамасының бұзғаны үшін ҚР ӘҚбК-нің 518-бабы бойынша 28 шетелдікті қабылдаушы тарап және шетелдік жұмыс күшін қолданған 8 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Ал, ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 111 шетел азаматы ҚР ӘҚбК 518-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, шетелдіктерді ел аумағынан шығару туралы 20 сот актісі қабылданса, 6 шетел азаматының уақытша болуы мерзімі қысқартылды.