10:02, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақмола облысында мемлекеттік тілді дамыту қоғамдық қоры ашылды
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Көкшетауда Ақмола облыстық мемлекеттік тілді дамыту қоғамдық қорының тұсаукесері болып өтті.
Оған жергілікті ұйымдар мен мекемелер, шағын және орта бизнес өкілдері қолдау көрсетіп, қаржылай көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұлдың айтуынша, қордың басты мақсаты аймақ тұрғындарына мемлекеттік тілді үйретуге ықпал етіп, оның қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік жасау болып табылады. Бүгінгі таңда аймақ кәсіпкерлері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, кәсіпорындар басшыларының қаржылай қолдауымен таралымы екі мың данадан астам «Бабалар аманаты» газеті шыға бастады. Алдағы уақытта нарыққа қатысты орысша-қазақша шағын сөздік, балаларға арналған сөздік ойыншықтар, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университет ғалымдарының қатысуымен дидактикалық-әдістемеліктер жарық көретін болады. Қордың қолдауымен жергілікті композиторлар арасында қазақ тіліндегі әндер байқауын өткізу жоспарланған.