Ақмола облысында металл ұрлаған 24 күдікті ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында үш күннің ішінде темір-терсек ұрлауға қатысты 16 оқиға тіркеліп, 24 күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД сілтеме жасап.

Ақмола облысында металл ұрлаған 24 күдікті ұсталды

Ведомствоның мәліметінше, мамырдың 27-29 күндері аралығында өңірде «Металл» шарасы өтті. Акция барысында қара және түрлі түсті металл қабылдайтын 108 орын тексерілді. Тексеріс қорытындысы бойынша полицейлер мен учаскелік инспекторлардан құралған мобильді топ темір сынықтарын қабылдайтын 6 орында заң бұзылғанын анықтады.

«Оладың иелеріне қатысты ҚР ӘҚбК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Шара кезінде металл қабылдау орындарының иелеріне біреудің ұрланған мүлкін сатып алғаны үшін жауапкершілікке тартылатындары түсіндірілді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге құдық қақпағы мен шеңберін сатушыларды тез арада ұстау үшін бірден хабарлау керектігі жөнінде кеңес берді.

Сонымен қатар, акция кезінде жол-патрульдік полициясы батальонының және жедел тергеушілер бөлімшесінің қызметкерлері облыстағы автокөлік жолдарында бақылау бекеттері мен мобильді топтарды орналастырды.

«Осының нәтижесінде 90-нан астам көлік тексеріліп, Сандықтау ауданында тиісті құжаттарсыз металл тасымалдағандар анықталды. Қазіргі кезде акция одан әрі жалғасуда», - деп толықтырды ведомстводан.

.