09:53, 14 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Ақмола облысында нан бағасы 41 теңгеден белгіленді
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық әкімдігінде аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларымен өткен кеңейтілген мәжілісте алдағы бір жыл ішінде стандартты бір бөлке нан бағасын 41 теңгеден сату белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы кезде астық бағасының күрт өсуі нан өнімдерінің 20 пайызға дейін қымбаттауына әкеліп соғып отыр. Мәжілісте атап көрсетілгендей, осы мақсатқа мемлекеттік сақтық қорынан ұнның әр тоннасын 26500 теңгеден босату айқындалды. Бұл игі шара ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі, «ҚазАгро»Глдинг» акционерлік қоғамы, «Қазақстан астық өндірушілер одағы», «Қазақстандағы астық өндірушілер мен нан пісірушілер одағы» заңды тұлғаларының өзара ынтымақтастық меморандумға қол қоюы нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Соған сәйкес өңірдегі 18 ұн тарту кәсіпорны мемлекеттік қордан кесімді бағамен бидай алып, оны тұрақты бағамен, кестеге орай, мақсатты іске асыратын болады.