Ақмола облысында науқас ауруханаға жету үшін құтқарушылардың көмегіне жүгінді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданында науқас ауруханаға жетуі үшін құтқарушылардың көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Ведомствоның мәліметі бойынша, 2019 жылы 6 ақпанда ТЖД Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне К.Қайыров есімді тұрғын телефон арқылы хабарласып, Жаңа Қарабауыр ауылының 1950 жылғы тұрғынын шұғыл түрде Бурабай ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізу қажеттігі туралы айтып, көмек сұраған.

«Өңірде қалыптасқан ауа-райы жағдайларына байланысты тұрғындардың (боран, бұрқасын, қатты аяз) өздігінен аудан орталығына қатынауға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, дереу сағат 11:58 минутта апатты-құтқару жұмыстарына ТЖД «Жедел-құтқару жасағы» ММ жеке құрамынан 2 адам және 1 бірлік «Трэкол» техникасы мен Абылайхан ауылдық округінің фельдшерлік амбулаторлық пунктінен 2 адам жұмылдырылды.

Нәтижесінде, араға бірнеше сағат салып, күндізгі сағат 14:50 шамасында науқас адам жүректің ишемиялық ауруы диагнозымен Щучинск қаласының «Бурабай Авицена» ЖШС Орталық аудандық ауруханасына жеткізілді», дейді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай өткен тәулікте Ақмола облысында жолда қалған 224 адам құтқарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар