Ақмола облысында өлген киіктердің саны 8 мыңнан асты

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне аймақтық ТЖД арнайы жедел штаб басшысы өртке қарсы қызмет подполковнигі Нұрлан Күлбаевпен хабарласқанында белгілі болды.
Оның айтуынша, қазіргі уақытқа дейін Жарқайың, Жақсы аудандары аумағында барлығы 8086 киіктің өлексесі анықталып, залалсыздандырылған. Бүгін аталған аудандарда жүрген ТЖД қызметкерлері мен арнайы құрылған жедел топ жұмысын тоқтатпақ.
Еске сала кетсек, өткен аптаның аяғында Ақмола облысының көрші Қостанай облысымен шекаралас Жарқайың ауданының Құмсуат селолық округі және Жақсы ауданының Терісаққан селолық округі аумағынан 1 мыңға жуық киіктің өлекселері табылған болатын. Ал кеше бұл көрсеткіш 4300 таяп қалған болатын. Бүгін алынған соңғы мәліметтерге қарағанда өлген киіктердің саны 8 мыңнан асып отыр.