Ақмола облысында өсімдіктер карантині жөніндегі инспектор жалған сертификаттар берген

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында кәсіпкерлерге карантинге жатқызылған өнімді облыстан және ҚР-дан тыс жерлерге тасымалдауға құқық беретін фитосанитариялық және карантиндік сертификаттар берген шенеунік сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы - өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы Айнагүл Исмаилова 2021-2022 жылдар аралығында карантинге жатқызылған өнімді тексеруге бармай-ақ, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актілеріне көрінеу жалған мәліметтер енгізген. Жалған актілер негізінде ол кәсіпкерлерге карантинге жатқызылған өнімді облыстан және ҚР-дан тыс жерлерге тасымалдауға құқық беретін фитосанитариялық және карантиндік сертификаттар берген.

«Сот Айнагүл Исмаилованы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 1 жыл және 100 сағат түзету жұмыстары мерзіміне бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деді ведомстводан.

Сонымен бірге, Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Исмаилованың тікелей басшысы ретінде қарамағындағыларды тиісінше бақыламағаны үшін мемлекеттік қызметтен босатылды, бұдан бөлек Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының басшылығы түрлі тәртіптік жазаға тартылды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында кәсіпкерге 5 млн теңгедей заңсыз айыппұл салмақ болған шенеуніктер жазаланған еді.



Соңғы жаңалықтар