11:13, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақмола облысында өткен жылы 17951 пәтерге телефон орнатылды
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы филиалы Ақмола облыстық телекоммуникациялар дирекциясының мәліметі бойынша, өңірде өткен жылы 17 мың 951 пәтерге телефон қойылды, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда үш мың абонентке артық,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Облыстық дирекцияның бас директоры Асқар Нұрымжановтың айтуынша, бүгінде телекоммуникациялар желісінде 330 автоматты телестансалар қызмет етуде, олар негізгі аппараттың 172 мың 996 номерін байланыстырып отыр. Осы уақытта АТС саны 19-ға өскен. Сонымен қатар, өткен жылы 16 бағытта сандық радиорелейлік желісінің құрылысы аяқталып, 17 бағытта талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылған. Бүгінде өңірде 61 АТС жаңа сандық жүйеге ауыстырылып, ауылдық жерлерде 7 АТС іске қосылды. Оның сырытында 50 адамнан астам тұрғыны бар 9 елді-мекенде WLL CDMA-450 радиобайланыс құрылғысы қосылған. Нәтижесінде аймақта барлық елді-мекен жүз пайыздық телефон байланысымен қамтамасыз етілді. Осы уақытта интернет қызметін пайдаланушылар саны 26 мың 86 бірлікті құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда өсім 49 пайызға жетті. Ал ADSL технологиясы бойынша кеңжолақты қолжеткізуге 9 мың 231 пайдаланушы қосылған, өсім 35 пайыз. Аймақтағы білім ошақтарының 654-і, емдеу мекемелерінің 488-і телефон байланысымен қамтамасыз етіліп, өзекті мәселе шешімін тапқан.