Ақмола облысында полицейлер ірі көлемде ақша тонамақ болған ұрыны ұстады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері ірі көлемде ақша тонамақ болған ұрының жолын кесті. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабаралады.
Полицейлердің мәліметі бойынша, 1 тамызда түнгі 01:00 минут шамасында Зеренді ауданы Алексеевка ауылының 20 жастағы тұрғыны Көкшетау қаласындағы пәтерлердің біріне терезе арқылы түскен. Күдікті пәтер ішінде болған үй иесінің інісін қорқыту арқылы 4 мың доллар және 2, 4 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты жымқырып әкетпек болады.
Сол кезде пәтер ішінде осыған дейін күдіктінің ізіне түсіп, оның қылмыс жасайтынын алдын ала білген полиция қызметкерлері де болды. Олар бірден күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді.
Күдікті осыған дейін пәтер ұрлығы бойынша сотталған. Қазіргі кезде, оның үстінен ҚР ҚК 191-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.