09:03, 16 Қаңтар 2015 | GMT +5
Ақмола облысында ресейлік азамат зейнетақы төлеуге арналған 2 млн. теңгеден астам қаражатты қымқырған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Еңбекшілдер аудандық соты зейнеткерлерге төленетін қаражатты қолды еткен Ресей Федерациясының азаматы Жәнібек Табанбаевқа қатысты айыптау үкімін шығарды.
Ол «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне заңсыз кіріп, оның сейфінен 2 502 836 теңге көлемінде ақша ұрлаған, деп хабарлайды Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Тергеу барысында ұрланған ақшаның жартысы пошта бөлімшесіне қайтарылды. «Сот үкімімен Ж.Табанбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 3-бөлігінің «б» тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жеке мүлкі тәркіленіп, оған жазасын жалпы режімдегі түзеу мекемесінде өтеу үшін 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған Ж.Табанбаевтан ұрланған соманың 806 486 теңге көлеміндегі қалдығы «Қазпошта» АҚ пайдасына өндіріліп алынатын болды», делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.