Ақмола облысында селолық окург әкімін өлтірген күдікті екі айға қамауға алынды
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
Жақсы аудандық сотының мәліметінше, күдікті аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 12 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Күдікті Бағдат Бәтеновтың бұрын сотты болғаны әрі түсініктеме беруден бас тартуы және өзге де жайлар оның істі мерзімінде тергеуге кедергі келтіруі, тіпті тергеушілер мен соттан да қашып кетуі де мүмкін. Сондықтан сот оны екі айға қамауға алу жөнінде шешім қабылдап отыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, қылмыскер 14-ші шілдеде Жақсы ауданының Белағаш селолық округінің әкімін жұмыс орнында бірнеше жерден пышақтап кеткен болатын. Салдарынан әкім аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде ес жимастан көз жұмды. Ал, осы оқиғаға күдікті 1978 жылғы Бағдат Бәтенов болса, кейін өз-өзіне қол салмақ болады.
Алайда, оның бұл әрекеті жүзеге аспай аудандық аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жатқызылып, қасына күзет қойылады. Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлімі бойынша (адам өлтіру) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары қолға алынды.