Ақмола облысында танысын атып өлтірген 51 жастағы астаналық ұсталды

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қанды қылмыс шілденің 18-де Целиноград ауданының Қаратомар ауылында болған.
Бұл туралы таңғы сағат 08:40 шамасында жергілікті полиция бөліміне хабарланды.
Онда оқ жарақтын алған 36 жастағы ер адамның елордадағы қалалық ауруханада көз жұмғаны айтылған.
«Осыған байланысты полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ер адамға Нұр-Сұлтан қаласының 51 жастағы тұрғыны оқ атқаны анықталды. Белгілі болғандай, 18 шілде күні бір іс-шарада кездескен екі ер адам қосылып арақ ішкен. Кейін Қаратомар ауылында отырысты жалғастырған. Түннің бір уағында екеуара жанжал шығып, күдікті сол ауылда жалға алған үйде сақталған мылтықты алып, досына оқ атқан. Ер адам алған жарақатынан аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды», - деді ведомстводан.
ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, қазіргі кезде қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Полиция күдіктіден МР-153 мылтығын тәркіледі.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Алматы-Екатеринбург» тасжолында көлік апатынан екі адам көз жұмған болатын.