Ақмола облысында тәртіп сақшылары 30-дан астам көліктен тұратын колоннаны діттеген жеріне жеткізді

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 3 қаңтарында ауа райының қолайсыздығына (қалың түскен қар мен екпінді желдің, боранның, көрінудің шектелуі) байланысты республикалық маңызы бар жол учаскелерінде көлік қозғалысы шектелді.
Жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында полицейлер республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда күшейтілген қауіпсіздік шараларын қолға алды. Сонымен бірге, жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер өткізілді, патрульдік полицияның қосымша нарядтары қойылды.
Қаңтардың 3-інде тәртіп сақшылары Ерейментау қаласынан 32 автокөлікті діттеген жеріне жеткізді.
«Қазіргі уақытта «Атбасар-Астана», «Қарағанды-Астана» жол учаскелері ашылды.
«Астана-Павлодар» автожолы жабық күйінде қалып отыр. Бұл жол бекеттерінде 256 көлік тұр, оның 166-сы жеңіл, 90-ы жүк көліктері, жолаушылар көлігі жоқ. Біздің басты міндетіміз – жол жүру кезінде жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгін сағат 12:00-де «Астана-Щучье» автожолы ашылды. Көлік құралдары патрульдік полиция нарядтарымен бірге жүретін болады», - деп атап өтті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Аслан Қызбикенов.
Осы ретте, тәртіп сақшылары автокөлік иелеріне жылдамдық режимін сақтауға, қозғалыс бағыттарын түзетуге және ауа райының өзгеруі мен жолдардың жабылуы туралы арнайы қызметтердің хабарламаларын құлақ түру жөнінде кеңес береді.