Ақмола облысында туберкулездің алдын алу шаралары қалай жүргізілуде

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында туберкулезді алдын алу шаралары қалай жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омархановтың айтуынша, қазіргі кезде өңірде туберкулез жағдайы тұрақты. Дегенмен былтырғы жылмен салыстырғанда науқастар санының біршама өскені байқалады. Осы ретте, өңірде балалар арасында вакцинация жүргізу және тұрғындарға уақытылы медициналық көмек көрсету бойынша тиісті шаралары қолға алынған.

«Елімізде сырқаттанушылардың жалпы деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 20 адамнан асады. Сол себепті де, ДДҰ жаңа туған нәрестелерді БЦЖ-мен вакцинациялауды ұсынады. Бұл вакцина балаларды туберкулездің ауыр түрлерінен қорғайды. Аурудың бұл түрі 5 жасқа дейінгі балалар үшін ең қауіпті, өйткені мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін. Өңірімізде биылғы жылдың 8 айында туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 есеге артып отыр. Оның ішінде балалар арасында туберкулездің 7 жағдайы тіркелді. Сол себепті, туберкулезді алдын алуда БЦЖ вакцинациясының маңызды екенін айтқым келеді. Биылғы жылдың 7 айында өңірде 6113 бала дүниеге келсе, оның 5769 екпе егілді, 142 баланың ата-анасы екпеден бас тартты», - деді Серік Омарханов.

Бриынгте айтылғандай, жалпы вакцинация екі рет жасалады. Яғни нәресте алғаш туған кезде және 6-7 жаста тағы бір мәрте егіледі. Ересектердегі алдын-алу шарасы-флюорография. Биылғы жылдың 8 айында Ақмола облысының тұрғындарының 94 пайызы тексерілді. Нәтижесінде 190 жағдай анықталды.

Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының фтизиопедиатры Рысты Кеңесқызы Шолатаеваның айтуынша, вакцина алған сәбилерде лимфаденит түріндегі жағымсыз реакция болуы мүмкін. Бірақ бұл тым сирек кездесетін құбылыс. Балаларды туберкулезге профилактикалық тексеру мақсатында республикада туберкулинодиагностика тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

«Организмде туберкулез инфекциясының бар-жоғын көрсететін иммунологиялық тест. Яғни, манту. Бұл тұста «мантуды» вирусқа қарсы екпемен шатастырмау керек. Манту сынамасы бала организмінде туберкулез микобактериялары бар – жоғын анықтау үшін қолданылады. Егер реакция күмәнді болса, онда екпе егу кейінге қалдырылады және бала туберкулезді емдеуге маманданған дәрігерден кеңес алуы керек. Манту сынамасы инъекциядан кейін 72 сағаттан кейін үшінші тәулікке тексеріледі», - деп толықтырды фтизиопедиатрия бойынша облыстық үйлестіруші, Рысты Шолатаева.

Брифингте аталып өтілгендей, облыста 2014-2020 жылдар аралығында туберкулезге қарсы егілмеген 3 жасқа дейінгі балаларда туберкулез менингитінің жағдайлары тіркелген. Өкінішке орай, бұл жағдайлар өліммен аяқталған. Сол себепті, туберкулез дертіне шалдығып ем іздегенше, ерте жастан алдын алған маңызды.

Айта кетсек, Ақмола облысының 200-ге жуық тұрғыны астаналық кардиологтардан кеңес алды.


Соңғы жаңалықтар