Ақмола облысында ұлттық халық санағын сапалы өткізу үшін қажетті алғышарттар жасалды

КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысында алдағы ұлттық халық санағын жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті қажетті алғышарттар жасалды.
None
None
Облыстық статистика басқармасы бастығының орынбасары Алтын Қасымова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында биылғы жылдың үлесіндегі осы ауқымды іс-шараға дайындық барысы туралы әңгімелейді. -Алтын Азанқызы, он жылдан кейін өткізілгелі отырған осынау саяси және әлеуметтік маңызы зор іс-шараға дайындық барысында нендей мәселелерге баса назар аударып отырсыздар? -Әлемдік тәжірибеде ұлттық халық санағы әр он жылда бір рет жүзеге асырылады. Біздің ел де осы тәжірибені негізге ала отырып, биыл ұлттық халық санағын өткізбекпіз. Оған дайындық мәселесіне келетін болсақ, біздің облыста да халық санағы заңдылықтарына сәйкес дайындық шаралары күн ілгері қолға алынып, өз деңгейінде шешімін тауып отыр деуге әбден болады. Ең алдымен, жұртшылық арасында халық санағының мән-маңызын түсіндіру, соған байланысты өзіміздің тұрмыс жағдайымызға қатысты сауалдар төңірегінде нақтылы жауап алуды ұйымдастыру, өңірдің статистикалық ақпараттық қажеттілігін анықтауға ерекше назар аударылуда. Халық санағы- ұлттық маңызы зор саяси іс-шара болғандықтан, жинақталар ақпараттың нақтылы, толыққанды болуын ескеріп отырмыз. Осынау істің ойдағыдай жүзеге асырылуының өзі сайып келгенде, жергілікті тұрғындардың ұйымшылдығына, жауапкершілігіне, оған түсіністікпен қарауына байланысты. Себебі, санақ кезіндегі тұрмыстық ақпарат ертеңгі нұрлы болашағымызды айқындауға, әлеуметтік маңызды шараларды белгілеуге себепкер болмақ. Сондықтан да жекелей деректер жалпылама қорытынды жасауда ұқыптылықпен пайдаланылатын болады. Оның құпиялығы, жеке бастың ақпараты екендігі әсте естен шығарылмауына баса назар аударылуда. -Ұлттық халық санағын тиісті деңгейінде өткізу үшін бүгінге дейін қандай істер атқарылды? Ұйымдастыру мәселелері қаншалықты шешімін табуда? -Бұл ретте, бірқатар ұйымдық шаралар шешімін тауып, қазіргі сәтте нақтылау жұмыстары жалғасын табуда. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамына өз ісін жетік білетін, халық санағының маңыздылығы мен жауаптылығын жете сезінген лауазымды қызметкерлер, әр саланың мамандары қамтылып отыр. Оның отырысында әр ауданның, ауылдың, кент және қалалық округтердің міндеттері алдын ала белгіленіп, нақтыланды. Барлық аудандық, қалалық, округтік әкімдіктер бойынша аумақтық карта жасалынды. Үйлердің нөмірлерін, көшелердің аттарын нақтылау, болған өзгерістерді қосу елді мекендерде әлі де жүріп жатыр. Мұндай жұмыстар қоғамда жеке сектордың тез дамуына, меншіктің жаңа формаларының қалыптасуына байланысты бұрын болмаған қызмет түрінің пайда болуына, екінші қызметке орналасуға шек қоюды жоюға, жұмыссыздықтың орын алуына орай халықты жұмысқа орналастырудың жаңа жүйелерін ойластыруға көмектесетін болады. Облыс аумағындағы елді мекендер санақ учаскелеріне бөлінген. Соған сәйкес 75 санақ бөлімі, 598 нұсқаушылық, 2 мың 476 есептеу учаскелері белігенді. Соның негізінде ұлттық халық санағын тиісті талап деңгейінде өткізу ісіне 3 мың 433 адам іріктеліп алынды. Бүгінгі таңда олардың барлығы дерлік алдын ала дайындықтан өткізіліп,біліктіліктерін жетілдірді. Әзірлік сабақтары нақтылы жұмыстармен пысықталып, құжаттарды толтыру, адамдармен сөйлесу, сауалдарды нақтылы қойып, толымды жауап алу, барлық деректерді дұрыс жазып алу сынды кезек күттірмес мәселелерге ерекше назар аударылды. Сонымен бірге есепшілер, нұсқаушылар да біліктіліктерін арттырып, дайындық курстарында тәлім алды. Жалпы қазіргі кезде барлық аудандар мен қалалар халық санағына қатысушыларға қажетті орындармен қамтамасыз етіліп, телефон байланысы, көлікпен қамту шешімін тапқан. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен аудандық статистика бөлімдері жуырда ғана отандық жаңа көліктерге ие болды. Мұның өзі біздің жұмысымыздың сапалы өтуіне игі септігін тигізері сөзсіз. Көкшетау, Степногорск, Щучье қалаларында халық санағына қатысатын нұсқаушылар мен есептеушілердің тегін көлік қызметін пайдалануы оң шешімін тапты. Халық санағы қыстың көзі қырауда, кешкі мезгілде жүргізілетіндіктен, тиісті қауіпсіздік шаралары да ескерілді. Облыстық ішкі істер департаменті өзінің жергілікті құрылымдарымен бірлесе отырып, мәселенің осы тұстарына жете көңіл бөліп отыр. Әр учаскелік инспектор тиісті есептеу орнына бекітілді. -Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, жұртшылық арасында ұлттық халық санағының мән-маңызын жеткілікті дәрежеде түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асыру бағытында қандай шаралар қолға алынып, іске асырылуда? -Ұлттық санақ өткізуге байланысты ақпараттық жұмыстар республика деңгейінде қолға алынғаны мәлім. Яғни, барлық елді мекенде, жоғары және арнаулы оқу орындарында, жастар мен көпшілік мол жиналатын орындарда үгіт-түсінік жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізіле бастады. Бұл жерде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының, телеарналардың маңызды іске деген жауапкершіліктерін, оған түсіністікпен қарағандығын айта кеткен орынды. Әртүрлі кездесулер мен салиқалы бас қосулар ұлттық халық санағының ертеңгі болашақты айқындаудағы маңызын жете түсінідіруге де бағытталып отырды. Қолдағы ақпаратқа жүгінсек, өткен мерзімде жергілікті басылымдарда жүзден астам мақалалар, сұхбаттар, танымдық материалдар жарық көріп, көптеген үн парақтар шығарылды. Жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде, мәдениет ошақтарында, кітапханаларда, жастардың бас қосуларында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл реттегі жұмыстар Көкшетау мен Степногорск қалаларында, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Ерейментау, Зеренді, Бұланды, Еңбекшілдер аудандарында жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. Оның сыртында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихаттарын өткізу, дөңгелек үстел басында пікір алмасу да жүйелі ұйымдастырылуда. Бір сөзбен айтқанда, өңірде алдағы ұлттық халық санағы сапалы деңгейде, жоғары жауапкершілікпен өтуі үшін қажетті алғышарттар жасалынып отыр. - Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!
Соңғы жаңалықтар