Ақмола облысында уран өндірісінің жаңа нысаны іске қосылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасының қатысуымен өткізілген «Жаңа индустрияландыру-барлығына жаңа мүмкіндік» атты телекөпірі барысында облыс әкімі Альберт Рау инвестициялық серпінді жобалар қатарындағы «Уран кенінде қазба жұмыстарын жүргізу, уран өндіру» жобасының орындалғаны жайында хабардар еткен болатын. Енді міне мақсатты міндет орындалды. Жобаның іске асуына кәсіпорын өз қаржысы есебінен 3625 миллион теңге, несиелік қаржы көзінен 8798 миллион теңге қаржы қарастырды. Барлау және қазба жұмыстарында саладағы озық технологиялық жетістік кеңінен қолданылып, қоршаған ортаға еш зиян келтірмеу қамтамасыз етілген. Шикізатты өңдеуде «Степногор тау-химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өндірістік қуаты пайдаланылады.
Өндірістің іске қосылуы ағымдағы жыл ішінде бір миллиард теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік бермек. Нәтижесінде бюджетке жыл сайын 35 миллион теңге құйылып, келер жылдары екі миллиард теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізілмек. Қазірдің өзінде кәсіпорында қосымша 107 жұмыс орны ашылды.