Ақмола облысында ұрланған 30 бас мал иесіне қайтарылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ұрланған 30 бас мал иесіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Ақмола облысы аумағында 24 қарашадан бастап мал ұрлығын болдырмау мақсатында "Соғым" жедел алдын алу шарасы жүргізілуде.
"Шараның бірінші күні мал ұрлығына қатысты 6 қылмыстың беті ашылды. Оның ішінде Зеренді аудандық ІІБ криминалды полиция қызметкерлері 2 жылқышыны ұстаған. Күдіктілердің бірнеше ай бойы аудан жəне облыс орталығы тұрғындарының жылқыларын ұрлап, кейін сатып отырғаны анықталды. Барымташылар Көкшетау қаласының 62 жастағы тұрғынының 10 жылқысын айдап әкеткен", деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 188 бабының 4 бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды.
Еске сала кетейік, "Соғым" жедел алдын алу шарасы үш күн бойы жалғасатын болады. Шараға 40 мобильді топ тартылуда. Шараның бірінші күні 100 автокөлік тексерілді. Мал ұрлығына қатысты 16 қылмыстың беті ашылса, оның 10-ы бұрын жасалғандар. Осының нəтижесінде 30 бас мал иесіне қайтарылды