Ақмола облысында вирустық этиологиядағы серозды менингит анықталды

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәлметінше, менингит - ми мен жұлын мембраналарының қабынуы. Менингит бас ауруы, құсу, мойын бұлшықеттерінің қаттылығы, жоғары температура, фотофобия тәрізді менингиальды синдроммен сипатталады. Ауру әртүрлі бактериялар мен вирустардан, тіпті саңырауқұлақтардан туындауы мүмкін.
«Менингит ауруынан ешкім қауіпсіз емес. Бірақ медициналық зерттеулер көрсеткендей, кейбір жас топтары аурудың жоғары қаупіне ие, атап айтқанда 5 жасқа дейінгі балалар, 16-25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар, 55 жастан асқан ересектер шалдығуы мүмкін. Ақмола облысында биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша менингококк инфекциясы, іріңді менингит жағдайлары тіркелмеген, бірақ Зеренді, Сандықтау, Шортанды аудандарында 14 жасқа дейінгі балалар (1 жағдай) мен жасөспірімдер (2 жағдай) арасында вирустық этиологиядағы серозды менингиттің үш жағдайы бар», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Департамент мамандары атап өткендей, бүгінгі күні бұл қауіпті аурудан әмбебап қорғаныс жоқ, бірақ вакцинация және сақтық шараларын сақтау аурудың қаупін азайтуға көмектеседі.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмоладағы екі емхана балаларға міндетті тегін медициналық қызметті толық көрсетпегені жарияланған еді.