Ақмола облысында заңсыз топырақ тасығандар жауапқа тартылады
Ауданға сапары кезінде өңір басшысы Ақмол ауылында Астана қаласы айналасында азық-түлік қауіпсіздігі мен сол маңдағы елді мекендерді дамыту жөнінде кеңес өткізді. Онда негізінен құрылыс саласы және жер қойнауын пайдалану мәселелері кеңінен айтылды.
Кеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Отаров атап өткендей облыс аумағында жер қойнауын пайдалану жөнінде барлығы 168 келісім шарт жасалған. Оның негізгілері Целиноград ауданында 55 (33 пайыз), Аршалы ауданында 35 (21 пайыз) және Шортанды ауданында 9 (5пайыз). Құрылыс материалдарына негізінен Елорданың құрылысы және республикалық маңызы зор «Астана-Қарағанда» автожолының салынуы салдарынан сұраныс артып отыр.
Әсіресе, Астанаға жақын орналасқандықтан Целиноград ауданы аумағында жаз-күз айларында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың саны артады. Ал, бұл өз кезегінде аудан және облыс бюджетін салықтан қағып, топырақ жамылғысының бұзылуына әкеліп соғады және қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Орын алып отырған осы жағдайды ескерген облыс әкімі Сергей Кулагин аудан басшылығына топырақ және құм тәрізді жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды анықтап, жауапқа тарту жұмыстарын ширату қажеттігін ескертті.