Ақмола облысында жаңа үйден бас тартқан Калачи тұрғындарының пәтерлері жетім балаларға беріледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қоныс аударудан бас тартқан Калачи ауылының тұрғындары үшін Есіл қаласынан салынған үйлер жетім балаларға берілмек. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің Ақмола облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында аталған өңірдің әкімі Сергей Кулагин осылай мәлім етті.

«Баршаларыңыз білесіздер, Есіл ауданындағы Есіл қаласы мен Жарқайың ауданындағы Державин қаласында Калачи ауылы мен Красногор кенті тұрғындары үшін үйлер салынды. Тұрғындар баспанадан бас тартқан жағдайда, пәтерлер жетім балаларға беріледі», - деді С. Кулагин.

Оның сөзіне қарағанда, облыста балалар үйлеріндегі жетімдердің саны қысқарып келеді. Соңғы 7 жылда аталған ұйымдардағы балалар саны 947-ден 374-ке дейін азайды. 

«Балалар үйлерінің материалдық базасы тиісті деңгейде емес. Былтыр Ақкөл балалар үйіне қажетті жұмыстарды бастадық. Бұл шараға облыстық бюджеттен 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл осы нысандағы жөндеу жұмыстарын аяқтап, кезең-кезеңмен басқа да балалар үйлерінде жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз. 2017 жылға Сандықтау балалар үйінде толық жөндеу жұмыстары жоспарланған, сондай-ақ 2018 жылы Есіл балалар үйінде тиісті жұмыстар жүргізіледі», - деді ол.

Оның сөзінше, соңғы 5 жылда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға 170 пәтер бөлінді. Алайда, кезекте тағы да 1758 жетім бала тұр.

«Биыл аталған санаттағы балаларға 100-ден астам пәтер беріледі. Нақты атап өтетін болсақ, Көкшетауда -45, Степногорда - 18, Есіл ауданында - 10, Целиноград ауданында - 15, Бурабай ауданында -6, Жарқайың ауданында - 4, Ерейментау ауданында - 7 пәтер қарастырылған, сондай-ақ басқа аудандарда 2-3 пәтерден бөлінеді»,-деді С. Кулагин.

Соңғы жаңалықтар
telegram