Ақмола облысында жаңадан ашылған емхана жұмыс істемей тұр

Еске сала кетейік, бір ауысымда 250 келушіні қабылдайтын құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын емхана өткен жылдың бірінші жартыжылдығында салтанатты түрде пайдалануға берілген болатын.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, емхана жұмысының тоқтауына мердігерлердің технологиялық жабдықтарды мерзімінде жеткізіп беру бойынша жасалған келісімшарттағы өз міндеттерін орындамауы себеп болып отыр. Қазіргі кезде, жабдықтардың 25 пайызы (технологиялық 66 жабдық) жеткізілмеген. Осының салдарынан Ақмола облыстық құрылыс басқармасы аталған медициналық мекемені облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсыра алмай отыр. Соңғысы қабылдау актісі болмағандықтан оны іске қоса алмай әлек.
«2016 жылдың 22 қарашасында облыстық құрылыс басқармасы мердігер «Астана-Авто-строй» ЖШС жеткізілмеген технологиялық жабдықтардың құнын өндіріп алу туралы сотқа жүгінеді. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ағымдағы жылдың 6 ақпанындағы талап арызды қанағаттандырды», деп көрсетілген хабарламада.
Мердігер келісім-шарттағы өз міндеттемесін орындаған кезде емхана облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырылып, өз жұмысын бастайтын болады.