Ақмола облысында Жер реформасы бойынша құрылған жұмыс тобымен 3 мәжіліс өткізілді - Қ.Отаров

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Жер реформасы бойынша құрылған жұмыс тобымен 3 мәжіліс өткізілді. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, облыстық жұмыс тобының өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған желілік шаралар кестесі жасалған. Жер реформасы бойынша жұмыс топтарын құруға арналған осындай шаралар жергілікті жерлерде де жүзеге асырылуда.

«Жұмыс тобы құрылғалы бері 3 мәжіліс өткізілді, оның ішінде 2-уі облыстық қоғамдық кеңестің пікірсайыс алаңында тұрғындардың түрлі топтарын, жергілікті зиялы қауым, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер, депутаттар, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып өткізілді.

Сонымен бірге, жыл басынан бері белгіленген кестеге сай тікелей ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен, сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды қатыстыра отырып, облыстың барлық өңірлерінде көшпелі семинар-кеңестер өткізілді.

Осындай семинар-кеңестер барысында, жер туралы заңнамаларды өзгерту негізінен ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты екендігіне қарамастан, облыстың жекелеген өңірлерінде тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру мәселесі де көтерілді»,-  деді Қ.Отаров.

Айта кету керек, Ақмола облысы бойынша бүгінгі күні жеке меншік тұрғын үй салуға қажетті жер телімдерін алуға байланысты 100636 адам кезекте тұр.

Берілген өтініштердің басым көпшілігі Астана қаласының маңайындағы аймақтарға қатысты болып отыр (Аршалы ауданында - 5996, Шортанды - 5567, Целиноград  - 69147, Көкшетау қаласы  - 11748, Бурабай - 4883).

Бүгінгі күні облыста су және электрмен қамтамасыз етілген аумағы 103,7 гектар болатын 1037 жер телімі, инфрақұрылымы жоқ  1150,2 гектар аумақты алып жатқан  11502 жер телімі бар.

Жеке меншік тұрғын үйлер салуға қажетті жер телімдері берілмеуінің негізгі себебі инфрақұрылым жүргізілген дайын жер алаңдарының және жер қорының, оның ішінде Астана маңайындағы елді мекендер аумағындағы жердің жоқтығы болып отыр.

Қажетті инфрақұрылымы бар (электр және сумен қамтылған) бір жер телімінің өзіндік құны 800 мың теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар