Ақмола облысында жыл ішінде есірткіге масайған 261 жүргізуші ұсталған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өткен жылы есірткіге масайған 261 жүргізуші ұсталып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Ведомствоның дерегі бойынша, өңірдің тəртіп сақшылары есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жəне алдын алу шаралары бойынша 2018 жылдың жұмыс қорытындысын шығарды.

Бүгінгі таңда ведомство есірткі бизнесімен күресті екі бағытта жүргізуде. Оның бірі - есірткі жеткізілетін арналарды анықтап жабу болса, екіншісі алдын алу шараларын кең көлемде өткізу.

«Өткен жылы полицейлер заңсыз айналымда жүрген 870 келі түрлі есірткі заттарын тəркіледі. Есірткі саудалаудың 77 оқиғасын анықтады. Сонымен қатар, бақылауда тұрған есірткі заттарының қолды болып кетпеуі жұмыстарына назар аударылды. 2018 жылы есірткі жəне психотропты заттардың айналым ережесін бұзған медициналық қызметкерлерге қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды, 26 əкімшілік материалдар толтырылды», деді ведомство өкілдері.

Əсіресе, тəртіп сақшыларын жүргізушілердің есірткіге масаң күйде көлік басқаруы алаңдатып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы авто жолдарда жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері есірткіге масайған 261 жүргізушіні ұстап, жауапқа тартты.

«Қолға алынып жатқан шаралар есірткі қолданушы адамдардың санын азайтуда айтарлықтай нəтиже беруде. Мəселен, 2017 жылы есірткі қолданушылар тізімінде тұрғандардың саны 667 адам болса, өткен жылы 545 адамды құрады», деп толықтырды ведомстводан.

Бұған дейін Көкшетау полицейлеріне 20 жаңа көлік сыйға берілгендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар