Ақмола облысындағы аламан бәйге: 8 жасар шабандоз бірінші орын алды

Жиырма бір шақырымдық аламан бәйгеде Жетісу облысының Жалғызағаш ауылынан келген 8 жасар шабандоз Амангелді Хамса «Жұмыр тұяқ» тұлпарымен мәреге бірінші келді.

Бапкері Марлан Бектеновтың айтуынша, бұл шабандоз Амангелді Хамса мен 3 жасар «Жұмыр тұяқ» тұлпарының алып отырған бірінші жүлдесі емес. Осыған дейін де талай бәйгеде топ жарған.

«Бәйгеден Қазақстан чемпионаты – Olimbet ат жарысына біз екі сәйгүлік әкелдік. Соның бірі – 8 жасар баламыз Амангелді Хамса тақымдаған «Жұмыр тұяқ» тұлпарымыз бірінші болып келіп, ұйымдастырушылардың атынан тігілген 5 миллон теңгенің жүлдесін еншіледі. «Жұмыр тұяқ» үш жаста, ол – атақты «Ай тұяқ» айғырының баласы. Өткен жылы құнан жарысында үш көлік ұтып алсақ, биыл Семей қаласында соғыс ардагерінің жүлдесі сарапқа салынған бәйгеде топ жардық», - деп қуанышымен бөлісті Марлан Бектенов.

Бапкер атап өткендей, алдағы уақытта ҚР Президентінің кубогына дайындық басталмақ.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Ақмола жұлдыздары» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталғанын жазған едік.









