Ақмола облысындағы кенішке жасалған шабуылда бір күзетші мерт болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Қазақалтын ТМК» АҚ «Жолымбет» кенішіне жасалған шабуыл салдарынан күзетші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақалтын» тау-металлургиялық кешеніне сілтеме жасап.

Ақмола облысындағы кенішке жасалған шабуылда бір күзетші мерт болды

Мекеменің хабарлауынша, 2018 жылдың 27 шілдесінде шамамен таңғы сағат төртте 20-25 белгісіз адамдар алтыннан жасалған материалдарды жымқыру үшін «Азия Қорғау» ЖШС қорғауындағы «Қазақалтын ТМК» АҚ аумағына кірген.

«Медициналық куәландыру көрсеткендей, барлық шабуылдаушылар мас болған. Аумаққа кірген қаскөйлер тобын күзет ұйымының қызметкерлері байқап, кедергі келтіруге тырысқан. Алайда, шабуылдаушылар күзетшіні атыс қаруымен бопсалап, соққыға жыққан», - делінген ресми хабарламада.

«Қазақалтын ТМК» АҚ корпоративтік қауіпсіздік департаментінен қосымша күш келгенде де белгісіз тұлғалар автокөліктерге тас атып, қарумен сес көрсеткен.

Ведомствоның хабарлауынша, қаскөйлердің бір тобы автокөліктерге шабуылдаған және екінші тобы күзетшілер мен корпоративтік қауіпсіздік департаментінің жатақханасына баса-көктеп кірген. Шабуылшылар ондағы күзетшілерді түрлі деңгейде жарақаттаған және қарумен бопсалаған. Нәтижесінде 12 шабуылшы ұсталып, тергеу шараларын жүргізу үшін Жолымбет кентінің ішкі істер бөлімшесіне жеткізілді.

«Өз тарапынан, «Қазақалтын ТМК» АҚ «Азия Қорғау» ЖШС және корпоративтік қауіпсіздік департаментінің зардап шеккен қызметкерлеріне қажетті көмек көрсетіп жатыр және шабуылға қатысы бар тұлғаларды іздеу бойынша қосымша тәуелсіз тергеу жүргізу бастамасын көтерді. Сонымен бірге, өзінің қызметтік міндетін атқаруда «Азия Қорғау» қызметкерінің қаза тапқанын өкінішпен хабарлаймыз. «Қазақалтын ТМК» АҚ атынан мерт болған күзетшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», - деп пікір білдірді «Қазақалтын» басшылығы.

Қазіргі уақытта «Қазақалтын ТМК» АҚ және «Азия Қорғау» ЖШС моральдық және материалдық шығын көлемін анықтау бойынша сараптамалар жүргізуде.