Ақмола облысының әкімі қауіпсіздікке бағытталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруға назар аудартты

Жиынға комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың бірінші жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлер, күш құрылымдары және құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар, дін істері жөніндегі және әділет басқармаларының өкілдері қатысты.
Отырыста өңірдің терроризмге қарсы комиссия жұмысын ұйымдастыру, аса маңызды мемлекеттік нысандар мен кәсіпорындарды терроризмге қарсы қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Онда "Діни экстремиз мен терроризмге қарсы әрекет ету бойынша ақпараттық-насихаттау тобының жұмыстары және оның баспа, электрондық БАҚ-та жазылуы жөнінде" облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Сәуле Ыбраева баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылы ақпараттық-насихаттау тобымен облыс бойынша 33 мыңға жуық адамды қамтыған 726 іс-шара жүзеге асырылған.
Сондай-ақ осы тақырыпта облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкееваның, облыстық ІІД басшысының орынбасары Асхат Ғали және ҰҚКД Виктор Курзаевтың баяндамалары тыңдалды.
Өз кезегінде комиссия мүшелері терроризмнің алдын алу жөніндегі іс-шараларының аймақтық жоспары мен терроризмге қарсы әрекет ету бойынша ақпараттық-насихаттау тобының жұмыстарын түсіндіруге бағытталған шараларды тұрақты әрі сапалы жүргізуді ұсынды.
Отырыс барысында облыс әкімі Сергей Кулагин мүдделі органдардың назарын өңірдің терроризмге қарсы қауіпсіздікке бағытталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруға аудартты. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау жұмыстарын күшейту мәселесі де айтылды.
Осы ретте өңір басшысы "Қазақалтын" тау-кен комбинатының күзетін нығайту және құқық қорғау органдарына Ақсу, Бөстөбе кенттерінде құрамында алтын кені мен жарылғыш заттардың заңсыз айналымына жол бермей, бақылауға алуды тапсырды.