Ақмола облысының әкімі шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды (ФОТО)

Танап басында өткен кездесу барысында өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу мәселесіне назар аударып, толасыз жауған жаңбыр қол байлау болып отырған шаруаларға науқанды көпке созбай маусымның 5-6 дейін аяқтауды тапсырды.
Өңір басшысы шаруаларды ауа райының ашық күндерін тиімді пайдаланып, екі ауысымда жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, дән сіңіру жұмыстарын А. И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдарының ғылыми тәжірибелеріне сүйене жүргізу қажет екенін алға тарты. Өз кезегінде шаруалар көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін алғыстарын білдірді. Биылғы жылы шаруалардың барлығы дерлік арзандатылған жанар-жағар май мен қажетті тұқыммен қамтамасыз етілді. Айталық, бір ғана Атбасар ауданының шаруалары биылғы жылы 120 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егуді межелеп отыр. Мұнымен қоса, көпжылдық шөп пен майлы дақылдар, картоп және көкөніс отырғызу да жоспарда бар.
«Қазірдің өзінде белгіленген жоспардың 32 пайыздан астамы орындалды. Науқанға барлығы 857 техника, оның ішінде 97 бірлік шетелдік егу себу кешені жұмылдырылған. Күн ашық болса, маусым айының 5-6 күндеріне дейін толық аяқтаймыз», - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Игібаев.
Ал өткен жылы егін орағын алғашқы болып аяқтаған облыстағы егін шаруашылығы жақсы дамыған астықты өңір Жарқайың ауданының шаруалары биылға межеленген 552 мың гектардың 50 пайызға жуығын еңсеріп тастапты. Еске сала кетсек, биылғы жылы облыс бойынша 4,7 миллион гектар аумаққа жаздық егістік жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 4 миллион гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдары болса, 268 мың гектарын майлы дақылдар құрайды. Сонымен қатар, картоп және көкөніс отырғызып, жем-шөп дақылын себу көзделген. Осы мақсатта бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Науқанға 1 мыңға жуық тұқым себу кешені мен 17 мың бірлік агрегат жұмылдырылып отыр.