15:41, 20 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Ақмола облысының егіншілері соңғы гектарлардың дақылын жинауда
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жедел мәліметіне сәйкес өңірде барлық 4 миллион 514,9 мың гектар егістіктің 99,5 пайызының өнімі жинап алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күзгі жиын-терін жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда едәуір қарқынды шешімін тауып отыр. Бүгінгі күні тың төскейінде он мыңға тарта астық комбайны, жеті мыңнан астам жатка, үш мыңға тарта жүк көлігі мен тракторлар науқандық жұмысқа жұмылдырылған. Егіншіліктің озық технологиясын қолдану нәтижесінде жаздың құрғақшылық болуына қарамастан гектар берекесі орта есеппен 6,4 центнерден айналуда. Бұл көрсеткіш Зеренді ауданында 10,7 центнерден, Аршалыда 9 центнерден, Сандықтауда 9,7 центнерден, Бұландыда 7,8 центнерден, Еңбекшілдер ауданда 7 центнерден келуде. Өңір диқандары қызыл қырманға 2 миллион 700 мың тонна деңгейінде астық жөнелтіп, келер жыл егістігі үшін қажетті тұқым қорының 97,7 пайызын әзірлеп алды.