20:34, 30 Наурыз 2015 | GMT +5
Ақмола облысының Сандықтау ауданында кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Сандықтау ауданында кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл жолы орталық Балкашино селосында ашылып отыр. Алғашқы күннің өзінде орталықтағы мамандарға жергілікті 16 кәсіпкер ақыл-кеңес сұрап жүгінген. Солардың бірі - "Стигал" ШҚ басшысы Ибрагим Тепасаев. Шаруа көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Егінжай" бағдарламасы бойынша 2,5 миллион теңге несие алуға ниетті. Мамандардан ақыл-кеңес алған ол қажетті құжаттарын әзірлеуге кірісіп кетті. "Ауылдағы кәсіпкерлер бизнесін дамыту үшін қажетті кейбір ақпараттарға қол жеткізе бермейді. Сондықтан өңірлерде мұндай орталықтың ашылуы маңызды", - дейді кәсіпкер.