Ақмола облысының тұрғыны 107-ге толды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аршалы кентінің тұрғыны Палагея Антипова өзінің 107 жасқа толған туған күнін атап өтпек. Оның бүгінде бес немересі, тоғыз шөбересі және бес неменесі бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Аршалы ауданының әкімі Азамат Тайжанов аудан орталығында тұратын 107 жастағы қария, еңбек ардагері Палагея Антипованы үйіне барып, туған күнімен құттықтады.

Ғасырды артқа тастаған кейуана Ресейдің Алтай өлкесіндегі Сыропятова елдімекенінде дүниеге келген екен. Балалық шағынан қиындық көрген үйдің үлкені Қазан төңкерісі, азамат соғысы және Ұлы Отан соғысы жылдарында ата-анасына көмектесіп, өзінен кейінгі 11 іні-қарындастарына қамқор болған. «Жастайымнан ерте есейіп, еңбекке ерте араластым. Тұрмысқа ерте шықтым, төрт баланы дүниеге әкелдім», - деп еске алады кейуана.

Жылдар өте келе әйелдің жағдайы түзеліп, балалары ер жетіп ертеңгі күнге деген сенім пайда болады. Кеңес билігі қалыптасқан ұжымдастырудың ұртоқпағы артта қалды.

Алайда 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, жұбайы Ефим Антипов қызыл армия қатарына шақырылады. Басынан мұң кетпеген әйел қайтадан тұрмыстың ауыр қамытын арқалауға мәжбүр болады. Ұжым тірлігіне белсене кіріскен қайратты әйел тракторшылардың курсын оқып, колхоздың темір тұлпарын тізгіндейді. Екі бірдей ұлын соғыс жалмаған Палагеяның күйеуі майданнан еліне аман есен оралыпты. Алайда соғыстан кейінгі жылдар да оңайға соқпаған.

Кейін 1949 жылы Пелагея Ивановна отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударады. Алдымен балабақшаға күтуші болып жұмысқа кірген әйел, кейін ауыл кеңесінде еден жуушы, одан соң жергілікті фельдшерлік пункттің тазалықшысы болып жұмыс істейді. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін балаларымен бірге бұрынғы Вишневка қазіргі Аршалы кентіне тұрақтаған. Қазір кейуана бес немере, тоғыз шөбере және бес немене сүйіп отырған ардақты ана.

Алғыс хаты, бір шоқ гүлі мен сыйлықтарын арқалап келгенаудан әкімі Азамат Тайжанов қарияның өмірі мен еңбек жолы келешек жастар үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.

«Біз сізді әрқашан құрмет тұтамыз. Сіздің ақылыңыз, төзімділігіңіз бен мақсаткерлігіңіз ұрпаққа үлгі болмақ. Сіздің бай өмірлік тәжірибеңіз өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал ететін болады», деді А.Тайжанов өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар