Ақмола полицейлері ресейлік туыстары іздеп жүрген әжейді тапты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елордалық волонтер ақмолалық полицейге әйел іздеуге көмектескені үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облыстық полиция департаментінің желідегі парақшасына Салтанат есімді қыз жүгінген. Белгілі болғандай, ол бүкіл әлем бойынша жұмыс істейтін «Бірлік еріктілері» қозғалысының мүшесі.
«Бір ай бұрын волонтерге Ресей Федерациясының тұрғыны қарт әйелдің 30 жылдан астам уақыт бойы сіңілісі Надежда Николаевна Мартюшеваны іздеп жүргені туралы хабар түскен. Қолда бар мәліметтер бойынша, әйел Қостанай қаласында тұрған. Алайда, анықтау кезінде бұл ақпарат дұрыс расталмады. Бірақ, соған қарамастан волонтер іздеу жұмысын тоқтатқан жоқ. Ол іздеп жүрген адамның деректері бойынша Малиновка ауылында бір қария тұратынын анықтап, нақты көз жеткізу үшін осы округтің учаскелік полиция инспекторыАрнұр Манашевке жүгінді», - деді ведомствода.
Волонтердің айтуынша, ол хабарласқанда полиция капитаны ауруханада жатқан.
«Ол туралы тек кешке ғана білдім. Бірақ күтуге уақыт болмады. Сол себепті, мен оған қоңырау шалдым. Дауысынан оның науқастанып қалғанын сездім. Кейін полиция қызметкері ауруханада жатқандығы белгілі болды», - дейді волонтер.
Істің барлық мән-жайын айта отырып, Салтанат полицейге Надежда Николаевна туралы деректерді айтты. Полиция капитаны Арнұр Манашев науқастанып қалғанына қарамастан еріктіге көмектесті. Ол іздеген әйелдің қайда және кіммен тұратынын анықтап берді. Осылайша, ерікті мен полиция капитанының белсенділігінің арқасында туыстар арасындағы байланыс қайта жанданды.
Салтанат жағдайына қарамастан көмек қолын созған полиция қызметкеріне алғыс білдірді.