Ақмола және бұрынғы Көкшетау облыстық соттарының алғашқы төрағасы Ә.Баймұқановқа көше атауы берілді (ФОТО)

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, сондай-ақ облыс әкімшілігі, мәслихат, судьялар және сот жүйесінің ардагерлері және көше тұрғындары қатысты. Осыған дейін Көкшетау қаласында Красная деп аталып келген көше бұдан былай Әлімжан Баймұқановтың есімімен аталатын болды.
Әлімжан Баймұқанов 1895 жылы жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1928-1940 жылдары бірқатар аудандық соттардың төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1940 жылы жаңадан құрылған Ақмола облыстық сотының төрағасы, 1944 жылы Көкшетау облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. 1949 жылдан бері зейнеткерлікке шыққанға дейін Көкшетау облыстық адвокаттар алқасының төрағасы қызметін атқарды. Әлімжан Баймұқановтың көпжылдық қызметі мен еңбегі туралы деректі фильм түсірілген, оған қоса «Әділет жаршысы», «Сәкен Сейфуллин», «Аймақ ауылы» кітаптары жарық көрген. Облыстың сот жүйесі негізін қалаушы Ә.Баймұқановтың есімі берілген бұл көшеде 1944-1959 жылдары оның басшылығымен қызмет еткен Көкшетау облыстық сотының ғимараты орналасқан екен. Қазіргі Ақмола облыстық сотының мұражайында облыстық соттың тұңғыш төрағасы Әлімжан Баймұқановтың қызметі туралы мәліметтер мен материалдар жетерлік. Олардың арасында фотосуреттер, бейнематериалдар, буклеттер сияқты өзге де мәліметтермен қатар өткен ғасырдың 40-шы жылдары Ә.Баймұқановтың өз қолымен жасаған домбырасы да сақталған.