Ақмолада 1 тәулік ішінде іздеуде жүрген 7 қылмыскер мен із-түзсіз жоғалып кеткен 2 азамат табылды
![None None](/static/img/plug.webp)
Полицейлердің мәліметі бойынша, арнайы операцияның алғашқы күні-ақ Көкшетау қаласында астаналық құқық қорғаушылармен тонаушылықпен айналысқаны үшін іздеуде жүрген Ресейдің Челябі қаласының тумасы - 1983 жылғы ер азамат қолға түсті.
Ал Аршалы кентінде жүргізілген жедел алдын алу шарасы барысында өткен жылы жерлесіне дене жарақатын келтірген Бірсуат ауылының тұрғыны құрықталды. Қазір ол қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың ақпанында іс-түссіз жоғалып кеткен Көкшетау қаласының тұрғыны - 25 жастағы азаматша да табылды. Анасының айтуынша, ол 22 ақпан күні Еңбекшілдер ауданындағы Макинск селосына аттанып, кейін ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Сол себепті 1 наурыз күні қыздың анасы полицияға хабарласады. Полицейлер "Іздеу" арнайы операциясы барысында жоғалған қызды Щучинск қаласынан табады.
Полицейлердің сөзіне қарағанда, "Іздеу" арнайы операциясы 19 наурызға, яғни, ертеңге дейін жалғасады. Операцияның мақсаты - қылмыскерлерді құрықтау мен іздеу тиімділігін арттыру.