Ақмолада 13 жасар қыздың жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 13 жасар қыздың із-түзсіз жоғалуына байланысты «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолада 13 жасар қыздың жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Ведомствоның мәліметінше, із-түзсіз кеткен жасөспірім Әйгерім Хайдарованы іздестіру жұмыстары сегіз күннен бері жүріп жатыр.

«Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жасөспірімді жоғалған күні көруі мүмкін 200-ден астам куәгерден жауап алынды», - дейді ведомстводан.

Еске сала кетейік, 21 тамызда Көкшетау қалалық ПБ кезекшілік бөліміне жоғалған қыздың анасы жүгінген. Анасының айтуынша, Әйгерім 20 тамыз сағат 15:00 шамасында Нұрлы көш ауылында тұратын үйден шығып, шаштаразға кеткен.

Содан қайтып оралмаған, ұялы телефоны өшірулі, қайда екені белгісіз.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, іздестіру жұмыстарына 100-ден астам полиция, 20-дан астам құтқарушы және 30-дан астам Ұлттық гвардия 5510 әскери бөлімінің сарбазы, 350 волонтер жұмылдырылған.

«Аталған іс Ақмола облыстық ПД бастығының жеке бақылауында», - деп толықтырды ведомстводан.