Ақмолада 200-ден астам шетелдік Қазақстан азаматтығынан айырылды

АҚМОЛА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 200-ден астам шетелдік азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақмолада 200-ден астам шетелдік Қазақстан азаматтығынан айырылды

Жыл басынан бері аймақтағы ІІД Көші-қон қызметі басқармасы мамандары 220 шетелдіктің ел азаматтығынан айырылғанын тіркеді. Мысалы, сәуір айында облыс аумағында қос азаматтығы бар азаматша анықталған. 54 жастағы құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылды.

«Қазақстан Конституциясының 10-бабының 3-тармағына және «Азаматтық туралы» ҚР Заңының 3-бабына сәйкес республика азаматы басқа мемлекеттің азаматы болып танылмайды, яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан азаматы бола алмайды. Егер қазақстандық басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол сәттен бастап Қазақстан азаматтығы сақталмайды. Бұл заңнаманы бұзу 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа не Қазақстанның шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады «, - деп түсіндірілген жазбада.