Ақмолада екі басшы мал деректерін жалған енгізіп, 50 млн теңгеден астам субсидия алған

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

3 мың малды артық көрсетіп, миллиондаған субсидия алған: Ақмолада қылмыстық іс тергеліп жатыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Тергеу деректеріне қарағанда, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырған.

— Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды тұқымдық бұқа бар деген жалған мәліметтің негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған, — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Айыртау ауданындағы құрылыс кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.