Ақмолада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан салынады

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының ауылдарында «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 38 нысан салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдің ауылдық елді мекендерінде 543 медициналық көмек көрсетіледі.

Шалғай жатқан ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендер пайдаланылады.

Ақмола облысында осындай 11 кешен жұмыс істейді, олар 2022 жылы 255 елді мекенді қамтыды, медициналық тексерумен 57 мыңға жуық адам қамтылды, оның ішінде 2 мың адамда ауру анықталды, бұл тексерілген ауыл тұрғындарының 3,4 пайызын құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес елімізде «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірледі.

Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін нысанын салу бойынша дайындық жұмыстары басталды.

Осы ретте Ақмола облысының ауылдарында 38 МСАК нысанын (14 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, үш медициналық пункт) салу жоспарланған.

«Оның ішінде Целиноград ауданында 16 нысан, Шортанды ауданындағы төрт нысан, Ақкөл және Бұланды аудандарындағы үш нысан, Есіл және Зеренді аудандарында екеуден, Атбасар, Жарқайың, Аршалы, Астрахан, Біржан сал, Ерейментау, Жақсы және Егіндікөл аудандарында бір – бірден нысандар бар», - дейді денсаулық сақтау басқармасынан.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, республика бойынша пилоттық жоба шеңберінде 32 көпбейінді аудандық орталық ауруханаларды ашу және қайта жаңарту жоспарланған.

Соның ішінде Ақмола облысында екі аурухананы қайта жарақтандыру қарастырылған.

«Бұл Атбасар және Бұланды аудандарындағы көпсалалы ауданаралық ауруханалар. Ауруханаларда инсульт және кардиологиялық бөлімшелер, Тері арқылы коронарлық араласу-орталықтар, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелері, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылады. Ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық классты УДЗ, эндоскопиялық, реанимациялық жабдықтар, медициналық оңалту үшін) және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Осылайша, елімізде «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын жүзеге асыру арқылы ауыл мен қала денсаулығы арасындағы теңгерімсіздікті азайту көзделіп отыр.

Бұл ретте, Ақмола облысының әлуеті зор.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында 50-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды, ауылдарда 11 жылжымалы медициналық кешен бар, сондай-ақ облыс өңірлерінде 11 компьютерлік томограф және 4 МРТ аппараты жұмыс істейді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 26 дәріхана пункті емханалар жанында ашылған, оларда бүгінгі күні жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге 793 тегін дәрілік препараттар бар.

Жоспар бойынша жалпы сомасы 8 миллиард теңге болатын 900 атаулы дәрілік препарат болуы тиіс.

Басқарманың баспасөз қызметінен атап өткендей, биыл Ақмола облысында денсаулық сақтау ғимараттарын күрделі жөндеу бойынша 11 жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға 129,2 миллион теңге бөлінді.

Сонымен бірге, Целиноград ауданының Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының және Қосшы қаласында 100 адам қабылдайтын емхананың құрылысы жалғасып жатыр.

Атбасар ауданының Новосельское ауылында 170,1 миллион теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункт және Атбасар ауданының Сочинское ауылында медициналық пункт салуға «Шаңырақ-XII» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды.

Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін ұлт денсаулығы жобасын жүзеге асыру аясында Көкшетау қаласында көпбейінді аурухана құрылысы жүріп жатыр.

Бүгінгі күні Сарыарқа ықшамауданында жергілікті атқарушы орган тарапынан 17 гектар жер телімі бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар