Ақмолада аптап пен жауыннан жапа шеккен шаруалардың несие мерзімі ұзаруы мүмкін - Кенеш Әлімжанов

Ақмола облысы - Қазақстанның ірі агроөнеркәсіптік өңірі. Ол республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Дегенмен, биылғы егін орағы науқаны біраз қиындықтармен өтті. Осыған қарамастан облыс диқандары 3 млн тоннадан астам астық жинады. Қазіргі кезде, өңірде тұқым қорын дайындау, шығынға ұшыраған шаруашылықтардың несиелік міндеттерінің мерзімін ұзарту мәселесі қаралып жатыр. Міне, осы сауалдар төңірегінде Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

кенеш әлімжанов
Фото: Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы

— Кенеш Ғалибекұлы, әңгімеміздің әлқиссасын көктемгі егіс жұмыстарынан бастасақ…

— Биыл ақмолалық диқандар 5,3 млн гектар алқапқа егін егсе, оның 4,9 млн гектар жерге дәнді және бұршақ дақылдары, 186,7 мың гектар алқапқа майлы дақылдар. Сондай-ақ, 223,4 мың гектар жерге мал азығы дақылдары егілді және 15,2 мың гектар алқапқа картоп пен көкөніс отырғызылды.

— Биылғы жыл жер тырмалаған диқан қауымы үшін оңай болған жоқ. Көктемдегі ылғалдың аздығы, жаздағы құрғашылық және тамыз-қыркүйек айларындағы жауын-шашын егіннің бітік шығуына кедергі келтіргені белгілі. Ол аздай киіктер шауып, шаруаларға біраз шығын әкелді. Бұл астық түсіміне қалай әсер етті?

— Күзгі егін орағының қорытындысы бойынша облыс диқандары 3 млн тоннадан астам астық жинады. Орташа гектар түсімі 6,4 центнерден айналды. Өткен жылы дәл осындай алқаптан 5,6 млн тонна астық жиналып, гектар түсімі 12,1 центнерден айналған еді. Биылғы жаз айларындағы құрғақшылық пен аптап ыстық егін шығымына айтарлықтай теріс әсерін тигізді. Егін орағы басталған тұста қыркүйек айындағы үздіксіз жауған жаңбыр егін орағына біршама кедергісін келтірді. Соған қарамастан, диқандарымыз егін орағын іркіліссіз ойдағыдай аяқтады.

— Астық кептіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

— Облыста 70 астық қабылдау кәсіпорындары бар. Олардың бәрі қазір жаңа астықты қабылдап, кептіру, тазарту жұмыстарымен айналысуда. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 2 млн тоннаға жуық астық түсті, оның 495 мың тоннасы 3 класты. Картоп және көкөніс алқаптары да толықтай жиналды. 148 мың тонна картоп және 19,5 мың тонна көкөніс жиналды.

— Биылғы егін орағы науқаны біраз қиындықтармен өтті. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына прокуратура, жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің, полицияның, кәсіпкерлер палатасының, агроөнеркәсіп кешені аумақтық инспекциясының өкілдері, мәслихат депутаттары кірді. Осындай жұмыс топтары жергілікті жерлерде де құрылды. Олар қандай жұмыс атқарды?

— Егін жинау науқаны барысында облыс фермерлерінен жұмыс тобының атына кредиттік міндетті жеңілдету, арзандатылған дизель отынын беру, астықты сатып алудың ыңғайлы бағасын белгілеу туралы арыз түсті. Осыған орай, биылғы ауа райының қолайсыздықтарына байланысты зардап шеккен фермерлердің егін алқаптарына барып, жұмыс тобы мүшелері жағдаймен танысты.

Құрғақшылыққа байланысты егін бітімі төмен 2,9 млн гектар алқап анықталды. Бұл — барлық егіс көлемінің 59 пайызы. Сонымен бірге, 176,4 мың гектар алқаптың дәнді дақыл егістігі және 11,3 мың гектар майлық дақылдар алқабы күйіп кеткені белгілі болды. Осыған орай, облыс әкімі ҚР Үкіметінің атына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге кредиттік міндеттерін ұзартуды, астықты кептіруге қажетті арзандатылған дизель отынын беруді, астық сатып алудың оңтайлы бағасын белгілеуді және субсидиялауға байланысты қосымша қаражат бөлуді сұрап хат жолдады.

— Өңірде келер жылдың көктемгі егісіне қажетті тұқым қорын дайындау жұмысы қалай жүріп жатыр?

— Диқандар үшін алдағы жылғы егіске қажетті сапалы тұқым қорын дайындау — маңызды міндет. 2024 жылғы егіншілік үшін 537 мың тонна тұқым қажет болса, қазіргі күні 305,4 мың тоннасы қоймаға құйылды. Бұл қажет мөлшердің 57 пайызы. Қазіргі күні тұқым қорын дайындау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ өзіне бағыныстағы элеваторларда астықтың сапасын анықтау бағытында жұмыстар жүргізуде. Осыған орай, сапасы жоғары астықты талапқа сай стандартқа сәйкес келген жағдайда тұқым ретінде пайдалану шарасын жүзеге асыратын болады.

— Жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде іркіліс болған жоқ па?

— Ақмола облысына арзандатылған бағамен, атап айтқанда литрін 250 теңгеден 90,5 мың тонна дизель отыны берілді. Өткен жылы 83 мың тонна берілгенін ескерсек, облыс шаруашылықтарына бұл біршама жеңілдік әкелгені анық. Оған қоса, ҚР Үкіметі астықты кептіру үшін 20 мың тонна жанар-жағар май мен 1 мың тонна сұйытылған газ берді. Осындай қолдаудың арқасында қазіргі күні облыс элеваторларындағы 2 млн тонна астық түгел кептірілді.

— Өңірде шығынға ұшыраған шаруашылықтарға нақтылы қандай көмек көрсету жолдары қарастырылуда?

— Шаруашылықтардың кредиттік міндеттерінің мерзімін ұзарту мәселесіне орай тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ-на жалпы көлемі 8,6 млрд теңгені құрайтын кредиттің мерзімін ұзартуға қатысты 131 ауыл шаруашылығы құрылымдары өтініш берген еді. Қазіргі күні 84-і мақұлданды, қалғандары қаралу үстінде. «ҚазАгроФинанс» АҚ-ына құны 940 млн теңге болатын кредиттерге қатысты 10 өтінім түсті. Қазір өтінімдер қаралып жатыр.

Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау бойынша да біраз жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы облыс ауыл шаруашылығы саласына 106,4 млрд теңге бөлінсе, оның 46,6 млрд теңгесі қайтарымсыз субсидиялар, 59,8 млрд теңгесі қайтарымды қолдау қаражаттары.

— Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар