Ақмолада бауырларын өрттен құтқарған 8 жасар қыз баспаналы болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Мәуліт кешінде бауырларын өртеніп жатқан үйден құтқарған өжет қыздың отбасына пәтер кілті тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау» мəдениет сарайында өткен Мəуліт кешіне елордадан, көрші облыстардан арнайы ат сабылтып келген діни тұлғалар ізгі тілектерін жолдап, арнайы бағдарлама аясында мейірімге толы ісімен Көкшетау халқының жадында қалған жаны жомарт адамдарға сый-сияпат жасады.

Олардың арасында 8 жасар Ұлдана Совет те бар. Ол жалын шарпыған үйден бауырларын аман алып шыққан. Оның бұл әрекетін ерлік демеске лажың жоқ. Әкелерінен бірер жыл бұрын айырылған балаларды анасы күні-түні жұмыс істеп, асыраумен келеді. Бір өкініштісі, олар осы күнге дейін пәтер жалдап, əркімнің есігіне телмірумен келе жатқан-ды.

«Олар бүгін зор қуанышқа кенелді. Науан хазірет мешіті мен жергілікті «Зекет» қорының өкілдігі бірлесіп жүзеге асырған «Ел үлесі - пəтерге» акциясы аясында бұл отбасыға Краснояр кентінен екі бөлмелі жаңа пəтер берілді», - деді Мәуліт кешінде ҚМДБ бөлім меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан.

ҚМДБ өкілі мен Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сəбит құттықтау сөзден кейін аталмыш отбасына пəтер кілтін табыс етті.

Шиеттей балаларын жетектеген жесір ана да, осы қуанышқа кенелгенін естіген балалар да, бұл көңіл толқытар сәтке куə болған көрермен де көзге жас алды. Салтанатты шарада кəсіпкер Борис Козлов отбасына 500 мың теңге табыс етсе, Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы отбасының есеп шотына 200 мың теңге қаржы аударатынын айтты.

Айта кетейік, жуырда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Ұлдана Советті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттаған болатын.  

null null null 

Соңғы жаңалықтар