Ақмолада қайта тергеу үшін сарбаздың денесі қазып алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында сарбаз Жеңіс Ахметжанның мүрдесіне эксгумация жасалды. Ресми мәліметке сүйенсек, жас жігіт өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда туған-туыстары оған сенбейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ақмола облысының 20 жастағы тумасы Жеңіс Ахметжанның Отан алдындағы борышын өтеп, үйіне оралуына екі апта уақыт қалған еді. Туыстарының айтуынша, жігіт әскер қатарына шақырылып, әр қалаға бөлген кезде Қарағанды облысына түскен. Алдымен Майқұдықта болды. Жарты жылдан соң офицерлермен арада кикілжің туып, сарбазды Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімге аударды. Сарбаздың анасы Гүлдана Ахметжанованың айтуынша, баласы өлерінен бірер сағат бұрын ғана бейнеқоңырау шалған. Өзінің күзетте тұрғанын айтқан.

— Ол сол күні кешкілік бейнеқоңарау шалып, аз күн қалғанын, 14 күннен соң үйге оралатынын айтты. Мен «Ұлым, бәрі жақсы болады! Жақын күндері кездесеміз!» деп жігерлендірдім. Сол күні түнде маған телефон қоңырау түсіп, қайғылы жағдай болғанын айтты, — деп сөзіне жас алды анасы.

Қайғыдан қан жұтқан анасы Астанаға барып, кейін әскери ұшақпен Балқашқа жетті. Мәйітханада ұлының денесін көріп, қанталаған, жырып кеткен жерлерін аңғарды. Оның айтуынша, ұлының жаңа әскери киімі жоғалып кеткен. Сол түні әскери бөлімде бейнебақылау камерасы да істен шыққан. Кейін туған-туыстары әлеуметтік желі арқылы сарбаз өліміне отбасылық-тұрмыстық жанжал себеп деп көрсетілгенін оқыған.
Гүлдана Ахметжанова жалғыз ұлынан әрі асыраушысынан айырылып отыр.

Жігіттің жақын ағасы Дәулет Қасенов ұзақ жыл тергеуші болған. Ол істің күмәнді тұсын бірден аңғарған.
— Ол бір бөлімнен екінші бөлімге ауыстырылды. Бұйрық бойынша ондай кезде қару ұстайтын жүктемелерге жіберілмеуі тиіс. Ол рота ішінде болуы керек еді. Бірақ оны күзетке қойған. Сонымен бірге денесінде жарақат іздері бар. Сарапшылары ол туралы айтты. Бірақ онымен бірге қызмет еткен әскери қызметкерлерден жауап алынбады. Демек бөлімде кикілжің болған, оны ұрған. Денесіндегі қанталау іздері соны білдіреді. Ату жайы да күмәнді. Адам өз-өзін атқан кезде оқта қан іздері болуы тиіс. Қан ағып, ми шашылып қалуы керек. Ал бұл жерде қабырға таза. Оқ табылған жері де дұрыс емес. Аяқ киімі мен шалбары қан. Бірақ ол шынтақтап жатыр. Қан сонда аяқ киімі мен шалбарына қалай тиюі мүмкін? Мені ойымша оны өлтірген, кейін суицид деп айтып тұр. Ол өзін-өзі ата алмайды, — деді Дәулет Қасенов.
Сараптама қорытындысына сүйенсек, сарбаз мас болған. Туысының айтуынша, Жеңіс әскери борышын өтеп жүріп қайта-қайта ақша сұраған. Қайғылы оқиға болған түні де дәл солай болған.

Туған-туыстары сараптаманы қайта өткізуді талап етті. Оқиға орнына келген әскери полиция өкілдері ҚР ҚПК 201 бабына сүйеніп қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Сот алды тергеу кезінде ақпарат таратпайтындарын айтты.
Екінші қайтара жасалған сараптама даулы істің ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік бере ме? Kazinform ҚР Құрлық әскерінің баспасөз қызметіне ресми сұраныс жіберді.
Айтып өтейік, өткен жылы қазанда баспасөз қызметі Приозерск гарнизонында сарбаздың өзін-өзі атқаны туралы ақпарат таратты. Ол кезде сарбаз өліміне әскери қызметтің еш қатысы жоқ екені айтылды. Сонымен бірге отбасылық-тұрмыстық жанжал деген тұжырым жасалды.