Ақмолада құқықбұзушылықты анықтауға көмектескен оқушы марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Оның дер кезінде қоңырау шалуы мас жүргізушіні «ізін суытпай» ұстауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қараша күні облыстық полиция департаментінің басшылығы Көкшетау қаласындағы № 12 орта мектепке барып, құқықбұзушылықты әшкерелеуге көмектескен 10 жастағы оқушы Алан Колмагоровпен кездесті.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Азамат Ашимов балаға және оның анасы — Юлия Колмагороваға азаматтық белсенділік танытқаны, көмегі және дұрыс тәрбиесі үшін алғыс хат табыстады.
Сонымен қатар ведомство атынан Аланға велосипед пен патрульдік полиция көлігінің макеті сыйға берілді.
Еске салайық, 25 қараша күні «102» нөміріне сұр түсті көліктің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны туралы хабарлама түскен. Ал қоңырау шалған азамат — 10 жастағы Алан Колмагоров болды.
Балақай көліктің түсін, маркасын және мемлекеттік нөмірін нақты айтып берген. Уақытылы жеткізілген ақпараттың арқасында патрульдік полиция экипажы шұғыл әрекет етіп, күдіктіні ұстады. Кейін белгілі болғандай, аталған автокөлік ұрланған болып шықты.
Аланның айтуынша, құқық бұзушылықты ол досымен бірге байқаса да, полицияға қоңырау шалу туралы шешімді өзі қабылдаған. Өйткені жүргізушінің әрекеті ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінген.
— Жүргізуші біреуге зиян тигізе ме деп қорықтым, — деді ол.
Ал анасы Юлия Валерьевна Аланның мұндай жауапкершілік пен қоғамдық тәртіпке немқұрайдылық танытпауы отбасындағы тәрбиенің нәтижесі екенін айтады. Оның сөзінше, бала жасынан өз пікірін ашық айтып, әділдік туралы түсінігі қалыптасқан.
Полицейлер тарапынан көрсетілген құрмет Колмагоровтар отбасы үшін күтпеген сый болды. Алан мен оның анасы тәртіп сақшыларына назар мен қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді. Алан биыл 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында 11 жасқа толады.
Бұдан бұрын полиция дроппер болудың салдары қандай болатынын түсіндірді.