Ақмолада күш атасы Қажымұқанға ескерткіш орнатылды
Қажымұқанға ескерткіш Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Сергей Кулагин, зиялы қауым өкілдері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Палуанға орнатылған ескерткіштің биіктігі 3,6 метр, тұғыры 3,2 метр және ені 2 метр шамасында.
Еске сала кетсек, осыған дейін ҚР Парламенті депутаттары Үкімет басшысына Елордамыз Астана қаласында күш атасы Қажымұқан Мұнайтпасовқа ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс білдірген болатын.
«Ұлт батыры жерленген Оңтүстік Қазақстандағы спортты қадірлеуші ынталы азаматтардың ұлы палуанды құрметтеп, мұражай ашқанын мақтауға тұрарлық іс деп бағалаймыз.
Алматы қаласында Қажымұқан атында көше бар. Осы қараша айында Талапкер ауылдық округінің жұртшылығы өзі туып өскен ауылда ұлы тұлғаның ескерткішін орнатты. Бұл - Астананың төңірегіндегі елді мекен, яғни, Ақмола облысы, Целиноград ауданының Талапкер ауылдық округі.
Айта кету керек, ескерткішті өз қаражаттарына жасатқандар тағы да Оңтүстік Қазақстан облысындағы күш атасын құрмет тұтатын жандар.
Бұл атап өтуге тұрарлық жайт.
Алайда, осының бәрін ескере келгенде, мені бір мәселе таңғалдырып тұр. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткіші жоқ. Ал Қажымұқан - елдік және ұлттық мақтанышымыз емес пе?! Ұлы Отан соғысы жылдарында Қажымұқанның өзі жинаған қаражатқа ұшақ жасалып, соғысқа жіберілгені тарихтан белгілі. Қажымұқан - өскелең ұрпаққа үлгі болған тұлға. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Нұрлы Жол» Жолдауында жастарға жағдай жасау туралы атап өткені анық. Елордамыз - Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш орнату әділеттілік болар еді. Әсіресе, бұл Қазақ хандығы құрылғандығының 550 жылдығын атап өту қарсаңындағы өте маңызды шара болмақ. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау алдында да маңызды екені сөзсіз», деп атап өткен еді Үкімет басшысына жолданған сауалында Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеш Кенжин.