Ақмолада полицейлер инсульт алған жүргізушіні құтқарып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында полицейлер жол қозғалысы кезінде инсульт алған жүргізушіні дер кезінде байқап, оның өмірін сақтап қалды.

Ақмолада полицейлер инсульт алған жүргізушіні құтқарып қалды
Фото: polisia.kz

Степногорск – Заводской тас жолында патрульдеу барысында Степногорск қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция взводының қызметкерлері А. Смағұлов пен А. Аяғанов, сондай-ақ Ақсу қалалық полиция басқармасының бастығы А. Урустюмов жолдан ауытқып келе жатқан көлікті байқайды. 

- Жүргізушіге шұғыл көмек қажет болуы мүмкін деп, тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, жағдайды анықтаған. Сезгендей рөлдегі ер адамның жағдайы күрт нашарлағаны белгілі болды. Ол есінен танып, айналасында не болып жатқанын түсінбеген. Полицейлер жүргізушінің инсульт алуы мүмкін деп болжап, жедел әрекет етті, - делінген хабарламада. 

Уақыт жоғалтпай, тәртіп сақшылары жедел жәрдем шақырған. 

Сонымен қатар, ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Оның жанында болған жұбайы қажетті дәрі-дәрмектердің қайда екенін айтып, полицейлер оларды дереу тауып берген. 

Жылдам әрі кәсіби әрекеттің арқасында жүргізуші медициналық көмек алып, аман қалды. 

Соңғы жаңалықтар